Мәжіліс Нахчыван келісімін мақұлдады

Фото: None
АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы Нахчыван келісімін ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

«Жақын этникалық негіздерді, тіл мен дін, ұқсас мәдениет пен дәстүрлерді негізге ала отырып, Қазақстанның сыртқы саясатының басымды бағыттарының бірі - түркі тілдес мемлекеттермен ынтымақтастық болып табылады. Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы Қазақстанның сыртқы саясаты қағидаттарына сәйкес маңызды саяси қолдау ресурсын береді. Бұндай ынтымақтастық жалпы, 1992 жылы құрылған Түркі тілдес мемлекеттердің саммиті аясында жүзеге асып келеді. Бұдан бөлек, осы бағытта бірқатар түркі тілдес елдерінің ынтымақтастығын қамтитын институттар да қызмет етеді. Алайда, ынтымақтастық үдерісі осы мемлекеттер басшылары деңгейінде жалпы саяси құрылымды құру қажеттігін көрсетті. Осыған орай, Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Түркі тілдес мемлекеттер кеңесін құру туралы бастама көтерген болатын. Осыған орай, Нахчыван қаласында өткен Түркі тілдес мемлекеттерінің 9-шы саммитінде осы кеңесті құру туралы келісім жасалды», деді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Ермекбаев.

Тоқтала кететін жайт, Елбасы ұсынған осы келісімді Әзірбайжан мен Түркия мемлекеттері қабылдаған. Ал құжатқа сәйкес, үшінші мемлекет қабылдағаннан кейін келісім бірден күшіне ене береді.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.