Еске салайық, бұған дейін Мәжілістің бірқатар депутаттары Мәжілісті таратып, сайлауды мерзімінен бұрын өткізу туралы бастама көтерген болатын. Осыған байланысты, жалпы отырыстың күн тәртібіне аталған мәселе енгізілген болатын. Елбасының атына жолданған Үндеуді Мәжіліс депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Нұрлан Әбдіров оқып берді. Бұдан соң Мәжілістегі партия фракциялары атынан сөз сөйлегендер бастаманы толық қолдады.
«Мәжілістегі үш партияның парламенттік фракциясы басшыларымен өткізген консультациядан соң Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттар да Парламенттің өзін өзі тарату және жаңа сайлауды тағайындау туралы бастаманы қолдау туралы шешім қабылдады. Біз үшін ауқымы күн сайын кеңейіп бара жатқан жаңа қатерлер мен қауіптер алдында Қазақстан халқының бірлігін нығайтудан басқа маңызды дүние жоқ. Біз бәріміз Елбасының төңірегіне топтасуымыз керек. Ал Мәжілістің кезектен тыс сайлауы бүкіл қазақстандық қоғамның бірігуі мен жұмылуын одан сайын берік ете түседі. Осының өзі дағдарысқа қарсы шараларды, Елбасының инстиуттық реформаларын сауатты әрі тиімді жүргізуге септігін тигізбек», - деді депутат Роман Ким.
Жиынға қатысқан Мәжілістің 103 депутатының барлығы аталған бастаманы бірауыздан қолдап дауыс берді.