11:25, 24 Наурыз 2009
Мәжіліс: Өлім жазасына қатысты заңдарға түзету енгізілді
АСТАНА. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқылауға дайын.
Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті осындай қорытынды шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Заң жобасының мақсаты қолданыстағы қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру, оны Қазақстан Республикасы Конситуциясының ережелеріне сәйкес келтіру, сондай-ақ адамның өмір сүруге деген негізқұраушы құқығын қамтамасыз ету болып табылады.Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлімінде өлім жазасын адамдардың қаза болуымен байланысты лаңкестік қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін осындай жазаға кесілген адамға кешірім жасауды өтіну құқығын бере отырып, бекіту ұсынылады. Қазіргі кезде айрықша жазалау шарасын көздейтін және жаңа конституциялық талаптарға сай келмейтін бірқатар баптардың санкцияларынан өлім жазасы алып тасталып, ол өмір бойына бас бостандығынан айырумен ауыстырылады. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне оларды жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы қылмыстық істердің соттылығына қатысты өзгерістер енгізілді. Мәжілістің барлық комитеттері заң жобасы бойынша қорытындыларын берді, олар заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі жалпы отырысының қарауына енгізуге болады деп есептейді. Заң жобасын қарау барысында комитеттер мен депутаттар бірқатар түзетулер енгізді, олар заң жобасын заң техникасының ережелеріне сәйкес келтіреді, сондай-ақ олар редакциялық-нақтылаушы сипатқа ие. Заң жобасына ұсынылған түзетулер салыстырма кестеде берілді.