13:48, 25 Наурыз 2009
Мәжіліс ойын бизнесі мәселелері бойынша келісім комиссиясының шешімін қабылдады
АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы бойынша құрылған келісім комиссиясының шешімін қабылдап,
құжатты мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, аталған заң жобасы ойын бизнесін мемлекеттік реттеу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленген. Сонымен бірге, құжат қолданыстағы заңнамалық актілердегі олқылықтар мен ағаттықтарды жоюға, ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеуге және заңнаманы бұзғандығы үшін жауапкершілікті күшейтуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа құмар ойындары мен бәс тігуді өткізуге және оған қатысуға байланысты талапты нақтылау үшін Азаматтық кодекске өзгерістер енгізіледі. Сондай-ақ заң жобасымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, «Жеке кәсіпкерлік туралы» және «Ойын бизнесі туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Бұған қоса лицензияның күшін жою сияқты бірқатар толықтырулар мен түзетулер енгізілді. Қолданыстағы заңда «ойын мекемесін ұйымдастырушы» деген сөздің мағынасы ашылып көрсетілмегендіктен, заң жобасында бұл сөздердің барлығы «ойын бизнесін ұйымдастырушы» деген сөзбен алмастырылған.
Қос палата арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру үшін құрылған келісім комиссиясының қарауына 6 ұстаным шығарылған болатын. Бұлардың 4-еуі Парламент Сенатының редакциясында, 2-еуі бірлескен редакцияда қабылданды.