Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өз мәресіне жетті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның барлық өңірінде ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы аяқталды.

Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев мәлім етті.

«Астана уақытымен сағат 18-00-дегі жағдай бойынша тізімге енгізілген сайлаушылардың 75,16 пайызы дауыс берді. Бұл біздің елде бұрын болған парламенттік сайлаулар үшін рекордтық келу екенін атап өту қажет», - деді ол.

Қазақстандықтар таңғы 7-00-ден бастап кешкі сағат 20-00-де дейін дауыс берді. 1 сағат айырмашылыққа байланысты еліміздің батыс өңіріндегі сайлау астана уақытымен сағат 21-00-де аяқталды.

Сайлаушылар еліміздің барлық өңіріндегі 9840 сайлау учаскесінде, оның ішінде Қазақстанның шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері жанынан ашылған 65 сайлау учаскесінде дауыс берді. Айта кетерлігі, Вашингтонда, Нью-Йорктегі және Оттавадағы сайлау учаскелері өз жұмыстарын Астана уақытымен 21 наурыз күні сағат таңғы 6-00-де аяқтайды.

Ертең, 21 наурызда Қазақстан халқы Ассамбелясы атынан Мәжіліс депутаттарына сайлау өтеді.

Айта кетейік, саяси додаға барлығы алты партия - «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы және «Бірлік» саяси партиясы қатысты.

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің 98 депутаты, сондай-ақ облыстық, Астана, Алматы қалалық мәслихаттарының 550 депутаты, қалалық мәслихаттардың 625 депутаты және аудандық мәслихаттардың 2160 депутаты сайланады.

Орталық сайлау комиссиясы ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер ретінде алты саяси партияның атынан 234 кандидатты тіркеді.

ҚР-дағы сайлауды 964 халықаралық байқаушы қадағалады. Сонымен қатар ол дауыс беру барысы мен дауыстарды санау рәсімін байқауға кандидаттар мен партиялардың сенім білдірген адамдары, қоғамдық бірлестіктер, ҮЕҰ, Қазақстан Республикасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатыса алды.