Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы ешқандай заңбұзушылықтарсыз өтіп жатыр - ІІМ

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы ешқандай заңбұзушылықтарсыз, тыныш өтіп жатыр.

Бұл туралы бүгін сайлаудың барысына байланысты журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің Басқарма бастығы Марат Жексенбеков мәлім етті.

 «Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» заңына сәйкес, 15-ші қаңтарда Ішкі істер органдары үшін жұмыс күні болып табылады. Сонымен қатар 10-20 қаңтар аралығында ішкі істер органдарының барлық жеке құрамы күшейтілген режімде қызмет етуде. Біз елдегі барлық сайлау учаскелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудеміз»,-деді басқарма бастығы.

 Оның сөзінше, «Сайлау туралы» заңға сәйкес, ішкі істер органының қызметкерлері дауыс берілетін ғимаратқа кірмейді. Тәртіп сақшылары тек сайлау комиссиясының шақыртуымен ғана дауыс беру ғимаратына кіре алады және полиция қызметкері ғимарат ішіндегі тәртіпті қалыпқа келтіргеннен соң бірден сыртқа шығуы тиіс. «Сайлау тыныш әрі заң талаптарына сай өтіп жатыр. Елде сайлау заңнамаларын бұзу жағдайлары орын алған жоқ. Еліміздің барлық аймақтарында халықаралық байқаушылардың өтініші бойынша кездесулер өтіп, онда сайлау барысындағы заңдардың орындалуын бақылау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері сөз болуда»,-деді М.Жексенбеков.