Мәжіліс пен мәслихат сайлауында дауыс беру жағынан Алматы, Қостанай және Атырау облыстары белсенділік танытып келеді

АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сағат 18-00-дегі мәліметтер бойынша, Мәжіліс пен мәслихат депутаттары үшін ең белсенді дауыс берген аймақтар Алматы мен Қостанай және Атырау облыстары болып отыр.

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоостың журналистермен болған брифингте таратқан мәліметтерінен мәлім болды.

Орталық сайлау комиссиясы төрағасы орынбасарының мәліметтері бойынша, Алматы облысында сайлаушылардың 91,29 пайызы дауыс берсе, Қостанайда сайлаушылардың 84,7 пайызы өз таңдауларын жасаған. Ал Атырауда бұл көрсеткіш 83,52 пайызға жетіп отыр. Сонымен қатар елорда азаматтарының 40,31 пайызы таңдауларын жасаса, Алматы қаласындағы сайлаушылардың небәрі 29,15 пайызы ғана сайлауға қатысқан. Бұл ретте Алматы қаласының дауыс беру жағынан ең төменгі көрсеткішке ие болғандығын атап өту керек.

Ал Ақмола облысында сайлаушылардың 77,96 пайызы, Шығыс Қазақстан облысында сайлаушылардың 76,93 пайызы, Жамбыл облысында сайлаушылардың 79,44 пайызы, Батыс Қазақстан облысында сайлаушылардың 71,2 пайызы, Қарағанды облысында сайлаушылардың 72,79 пайызы, Қызылорда облысында сайлаушылардың 80,82 пайызы, Маңғыстау облысында сайлаушылардың 62,4 пайызы, Павлодар облысында сайлаушылардың 70,5 пайызы, Солтүстік Қазақстан облысында сайлаушылардың 79,68 пайызы, Оңтүстік Қазақстан облысында сайлаушылардың 78,62 пайызы дауыс берді. Республика бойынша дауыс берген азаматтар саны 6 миллион 694 мың 199. Бұл елдегі жалпы сайлаушылардың 71,98 пайызы.