Мәжіліс пен Сенат арасында қала құрылысына қатысты жобаға орай келісім комиссиясы құрылады

АСТАНА. Мамырдың 20-cы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қала құрылысын жоспарлаған, жер учаскелерін бөлген, құрылысты жобалаған және салған кезде су және табиғатты қорғау тәртібін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына

Парламент Сенаты енгізген өзгерістер талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған заң жобасының негізгі мақсаты қала құрылысын жоспарлаған, жер телімдерін бөлген, құрылысты жобалаған кезде және салған кезде су мен табиғатты қорғау тәртібін сақтау мәселелері бойынша, нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру және ретке келтіру болып табылады. Сонымен бірге, заң жобасында табиғи қорғалатын аумақтардағы елді мекендерде құрылыс салу үшін жер телімдерін бөлгендегі рұқсат беру шешімдерін жетілдіру шаралары қамтылатын болады. Бұдан басқа аталмыш бағыттағы заң нормаларын бұзғандығы үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту шаралары көзделіп, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі арта түседі. Мәжіліс мақұлдаған жобаға сенаторлар жалпы 19 түзету енгізген болатын. Мәжілістің Бас комитеті мұның жетеуімен келіспей, оларды келісім комиссиясының талқысына шығаруды ұсынды. «Мәселен, Сенат енгізген түзету кейбір нормаларды екіұшты түсіндіруге жол береді. Атап айтқанда, сондай түзетудің бірінде мемлекеттік тілдегі мәтінде жұмыс жүргізуді тоқтата тұру туралы норма жұмыс жүргізуге рұқсат беретін болып аударылған. Сонымен бірге Сенат «шағын қоныстар» деген сөздерді «елді мекендер» деген сөздермен ауыстырып, оның себебін «шағын қоныстар» деген сөздерді ел заңнамасында жоқ, деп көрсетеді. Жалпы «қоныс» деген сөз қолданыстағы заңнамаларда, Жер, Экология, Салық кодекстерінде кеңінен пайдаланылады. Сондықтан ондай түзету негізсіз болып табылады», делінген Бас комитеттің түсіндірмесінде. Осыған орай келісім комиссиясы құрылып, оның құрамына Мәжіліс тарапынан депутаттар сайланды.