Құжат Парламент Сенатына жолданатын болады.
Аталған құжат Мемлекет басшысының лицензиялар мен рұқсат беру құжаттарының санын тағы да қосымша 30 пайызға қысқарту туралы тапсырмасына орай әзірленген болатын.
Осыған орай, заң жобасына сәйкес 1096 рұқсат құжаттардың жоғары қауіп-қатерден сақтандыруды қамтамасыз етуге әсер етпейтін 40-ы хабарландыру тәртібіне алмастырылады. Ал азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндірмейтін ақпараттық сипаттағы 257-сі алынып тасталады. Сөйтіп, қорыта айтқанда, рұқсат құжаттардың 30 пайызға жуығы қысқартылады.
Бұл ретте құжат қолданыстағы 80 заңнамалық актіге өзгерістер енгізуді көздейді. Атап айтқанда, лицензиялау қағидаттарына сәйкес келмейтін қызметтің жекелеген түрлерін лицензиялау жойылады. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функциялары қысқартылады. Ал, жаңадан құрылған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін 3 жыл ішінде тексеруге тыйым салу көзделеді.