Аталған заң жобасының негізгі мақсаты сауда қызметін реттеу жүйесін жетілдіру, сыртқы сауда қызметінде еліміздің экономикалық мүдделерін қорғау және алға жылжыту болып табылады. Сондай-ақ, заң жобасымен отандық тауарларды қолдау және олардың сыртқы нарықтарға жетуін қамтамасыз ету шаралары қарастырылады. Ішкі сауда бағытында заң жобасымен «Тауарлар импорты кезінде ішкі нарықты қорғау шаралары туралы», «Лицензиялау туралы», «Сауда қызметін реттеу туралы» заңдарға толықтырулар енгізіледі.
«Атап айтқанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру мақсатында мемлекет тарапынан қолданылатын жүйелі шаралар енгізіледі. Азық-түлік тауарларының өсуі отыз күнтізбелік күн ішінде 30 пайыз немесе одан да көп деңгейде болса, әлгі тауарларға шектеулі баға көлемі 60 күндік мерзімге дейін мемлекет тарапынан қолданылатын болады. Осыған байланысты заң жобасында Үкіметке әлеуметтік мәні бар азық-түлік тауарларына шектеулі бағалар мөлшерін белгілеу тәртібін бекіту құзыреті беріледі. Сонымен бірге, аталған тауарлардың бағасына қатысты мемлекеттік бақылау функциялары Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыретіне беріледі», - деді Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова.