Құжаттың мақсаты сауда қызметін мемлекеттік реттеудің әдістері мен нысандарын жүйелендіру, электрондық сауда саласындағы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін одан әрі жетілдіру болып отыр. Сонымен қатар, заң жобасында еліміздің сыртқы сауданы реттеу саласындағы заңнамасын халықаралық шарттарға, соның ішінде Кеден одағы мен ДСҰ нормаларына сәйкестендіру көзделеді.
Бұдан бөлек, заң жобасында электрондық сауданы жүзеге асыру барысында сатушының, оның ішінде сатушының өзі туралы ақпарат беру міндеті қарастырылып отыр. Сонымен қатар, электрондық сауда барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау нормасы қамтылады.
«Екінші оқылым барысында заң жобасы аясында ЭКСПО-2017 нысандары бойынша сәулет-құрылыс құжаттамаларын (техникалық-экономикалық негіздеме және жобалау-сметалық құжаты) бекітудің жалпы тәртібін белгілейтін түзетулер енгізілген. Өйткені, нысандардың бір бөлігі жекеменшік инвестициялар есебінен салынуда. Сонымен қатар, Үкімет құзыретінен ЭКСПО-2017 нысандары сәулет-құрылыс құжаттамаларын бекіту туралы норма алып тасталды», - дейді депутат Елена Тарасенко.
Бұдан басқа, заң жобасымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған нормалар да қамтылып отыр.