Мәжіліс сауда-өнеркәсіп палаталарының қызметіне бағытталған заң жобасын мақұлдады

АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сауда-өнеркәсіп палаталары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған құжаттың негізгі мақсаты - тауардың шығарылуы туралы сертификатты беру жөніндегі функцияларды уәкілетті мемлекеттік органнан алып, ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасына беру, Қазақстанның ұлттық сыртқы сауда заңнамасын дүниежүзілік сауда тәжірибесіне үйлестіру үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ, ұлттық бизнесті халықаралық нарыққа ықпалдастыру болып табылады. Бұл ретте уәкілетті мемлекеттік орган халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормаларына сәйкес сауда-өнеркәсіп палаталарының қызметіне бақылау жасауды жүзеге асырады. Бұнымен қоса, жоба бойынша сауда-өнеркәсіп палаталарына тауардың шығарылуы туралы сертификатты беру жөніндегі міндетті жүктеу көзделеді. Ал бұндай тауар шығарылуы туралы сертификаттарды ақысыз беру шаралары да қарастырылады. Сонымен бірге, біліктілік аттестаттары бар тәуелсіз сарапшы-аудиторлардың тауар шығарылатын елді айқындау сараптамасы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіп негізінде жүргізілетін болады. Жобаны талқылау барысында депутат Амангелді Момышев аталған құжатты Үкіметке кері қайтару туралы ұсыныс жасады. Оның пайымдауынша, тауардың шығарылуы туралы сертификатты беру құқығы мемлекеттік органның құзырында қалуы қажет. «Заң жобасында ұсынылған сертификаттарды беру жөніндегі функцияны аумақтық сауда-өнеркәсіп палаталарына өткізу бұл саладағы монополияның орнығуына әкеп соғады. Сондықтан да бұл заң жобасы шикі, сыбайлас жемқорлық көріністерін өршітетін құжат», деп мәлімдеді А. Момышев. Дегенмен де, дауыс беру барысында палата депутаттарының басым бөлігі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы пікірді қолдады. Енді құжат екінші оқылымға әзірлеу үшін Бас комитетке тапсырылады.