Мәжіліс спикері бастаған депутаттар Астанада сенбілікке қатысты

АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары палата спикері Нұрлан Нығматулиннің басшылығымен жалпықалалық сенбілікке қатысты.

Бас қалада өтіп жатқан кең ауқымды экологиялық акция шеңберінде мәжілісмендер 200-ден астам ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл көшеттер негізінен Астанада жаңадан ашылатын Ботаникалық бақты қалыптастыратын болады. Шара барасында Мәжіліс төрағасы Н. Нығматулин елордада егілген әрбір ағаштың біздің еліміз секілді жыл сайын өсіп-өркендеп, астаналықтардың көз қуанышына айналатынына сенім білдірді.

Сәуір айында өтіп жатқан дәстүрлі сенбілікке үш саяси партиялардың Мәжілістегі фракцияларының мүшелері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттары, сонымен қатар Мәжіліс аппаратының қызметкерлері, Парламенттегі мемлекеттік қызметкерлер, барлығын қосқанда 300-ге тарта адам қатысты.