Мәжіліс спикері : Мемлекеттік қызметтер - бұл қоғам өміріне нақты ықпал ететін сала
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдау барысында палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин осылай мәлім етті.
Құжаттың қоғам өміріндегі маңыздылығына назар аударған Мәжіліс Төрағасы, жалпы мемлекеттік қызметтердің қоғам өміріне ықпал ететін сала екендігін айтты. «Сондықтан да бұл заң жобасының қоғам өмірі үшін маңызы зор. Ол мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтердің санын арттырып қана қоймай, сапасын көтеруге де мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл ең алдымен, әлеуметтік бөлікте көрініс табуға тиіс. Ал ол мемлекет пен қоғамның тиімді ықпалдастығы үшін өте қажетті шарттардың бірі. Елбасымыз өзінің «Қазақстан - 2050 Стратегиясында» осыған ерекше назар аударған болатын», -деп атап өтті спикер.
Еске салсақ, құжаттың басты мақсаты мемлекеттік қызмет көрсетуді заңдық тұрғыдан реттеу, мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін біркелкі талаптармен қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет саласында мемлекеттік органдар өкілеттігін нақты айқындау, мемлекеттік қызмет көрсету, соның ішінде электрондық түрдегі рәсімдерді жетілдіру болып табылады.