Тоқтала кететін жайт, отырыс барысында депутат Төлеген Ыбыраев еліміздің бiрқатар аймақтарында күннiң күрт жылуынан су тасқыны орын алып, тұрғындарының өмiрiне қауiп төнгенін алға тартты. «Зардап шеккен азаматтардың отбасына, ел-жұртқа Елбасының тапсырмасы бойынша кең көлемде толықтай жәрдем көрсетiлуде. Қомақты қолдау Үкiмет тарапынан әлi де көрсетiлерi сөзсiз. Төтенше жағдай кезiнде тұрмысына ауырлық түсiп, зардапқа ұшыраған отбасыларға жәрдемдесу, дер кезiнде қол ұшын беру, ел болып, жұрт болып көмек беру - ата-салтымыз, әдеп-ғұрпымыз. Қара жамылып, қайғы басқан қазалы отбасыларға шын жүректен көңiл айтамыз. Көппен көтерген жүк жеңiл. Табиғаттың тосыннан шыққан жойқын күшiнiң салдарынан көмекке зәру болған жандар үшiн қолдау ретiнде Мәжiлiстегi «Нұр отан» партиясы фракциясының атынан бiр күндiк табыстарыңызды зардап шеккен отбасыларға арналған қорға бөлулерiңiздi сұраймын», - дедi депутат. «Тек «Нұр Отан» фракциясынан ғана емес, басқа да фракциялардан осындай ұсыныс түсiп жатыр. Баршаңызға рахмет. Аппарат қаржы аудару жағын ұйымдастырады», - дедi Мәжiлiс спикері Қабиболла Жақыпов. Айта кетейік, бұған дейін Үкіметте еліміздегі су тасқынының жағдайы талқыланған болатын. Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың ақпаратына сүйенсек, «су тасқыны салдарынан республика облыстарында 2 434 үй су астында қалып, ұзындығы 25 шақырым 164 автожол шайылып, 9 көпір қираған». Министрдің сөзіне қарағанда, мұндай ауқымдағы су тасқыны елімізде соңғы он жылда орын алмаған екен.
12:55, 22 Сәуір 2015
Мәжіліс су тасқынынан зардап шеккендерге бір күндік жалақыларын аударды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары мен Аппарат қызметкерлері бір күндік жалақыларын су тасқынынан зардап шеккендерді қолдау қорына аударады. Бүгін палатаның жалпы отырысында осындай шешім қабылданды.