Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.
Күн тәртібіне сәйкес, депутаттар қарауына «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өзгерістер енгізу мәселесін бірінші оқылымға шығару жоспарланады. Салалық комитеттің баяндауынша құжат судьялардың тәуелсіздігінің мәртебесі мен судьялық қызметке үміткерлерді байқау арқылы іріктеу жүйесін дамытуға және судьялық қызметке үміткерлерді таңдаудағы қоғамның рөлін жетілдіруге бағытталған.
Бұдан бөлек, жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасына бірінші оқылымға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу қосылып отыр. Сонымен қатар 2011 жылғы 18 қазандағы Еркін сауда аймағы туралы шартты оның Тараптары мен Өзбекстан Республикасының арасында қолдану туралы Хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасы да ұсынылмақ.
Сондай-ақ, палата Қазақстан-Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасына қорытынды әзірлеу мерзімін нақтылайды.