Аталған заң жобасы табиғи монополиялар қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталады. Сонымен қатар, құжатта табиғи монополияларға қатысты негізсіз шығындарды болдырмау, тарифтік үдерістерді оңтайландыру, тұтынушылар құқығын қорғау мәселелері қамтылып отыр.
Атап айтқанда, тариф қалыптастыру және монополистер қызметінің ашықтығын арттыру мақсатында тарифтерге сараптама жасау үшін Сараптамалық кеңес құруды заңдық негізде бекіту көзделеді. Бұдан бөлек, энергетика саласындағы доминанттарға бұқаралық тыңдаулар өткізу міндеті енгізіледі, есеп берулер мен бұқаралық тыңдаулар бойынша талаптар күшейтіледі. Ал негізсіз шығындарды алып тастау және тарифтік үрдістерді оңтайландыру мақсатында тарифтен қаржылық және техникалық сараптама шығындарын алып тастау көзделген.
Бұл ретте техникалық сараптама тек қана өңірлік электрлік компаниялар үшін жасалады, ал аудит акционерлік қоғам болып табылатын субъектілерге енгізіледі. Сонымен қатар, тұтынушылар құқығын қорғау мақсатында табиғи монополиялар субъектілері тарапынан қолданыстағы активтерді жаңғырту мен қалпына келтіру жөніндегі инвестициялық бағдарламаларға қаражат бағытталатын болады. Бұдан бөлек, монополистер сыртқы ауа температурасы бойынша қайта есептелген қаражаттарды тікелей тұтынушыларға қайтаруға немесе оларды тарифтерді төмендету арқылы өтеуге міндетті болады.