Мәжіліс Тәжікстанға өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсетуге бағытталған келісімді жұмысқа алды

АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы Келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын өндіріске алды.

Аталған келісімге сәйкес, Қазақстан тарапы Тәжікстанға түрлі әскери мүліктерді өтеусіз беру түрінде өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсетеді.

Сонымен қатар, отырыс барысында депутаттар «2008 жылғы 12 желтоқсандағы Айрықша жағдайларда Бірыңғай кедендік тарифтің мөлшерлемелерінен ерекшеленетін кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелерін қолдану шарттары мен тәртібі туралы хаттамаға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да өндіріске алды.

Құжат Бірыңғай кедендік тарифтің мөлшерлемелерінен ерекшеленетін импорттық кеден баждарын біржақты тәртіппен қолданудың барынша ұзақ мерзімін белгілеуге мүмкіндік береді.