Мәжіліс Төрағасы БАҚ өкілдерін төл мерекелерімен құттықтады

АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Палата Төрағасы Орал Мұхамеджанов Мәжілістің ІІ сессиясы барысындағы заң шығарушылық қызметін қорытындылаған жалпы отырысынан кейін Парламентте тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін төл мерекелерімен құттықтады,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Маусым айының соңғы аптасында біз ізгі дәстүрі бойынша, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен негізі қаланған Қазақстан журналистерінің күнін атап өтеміз. Бүгінгі кездесуіміз еліміздің ең жоғары өкілетті органының қабырғасында өтіп отыр. Төл мерекелеріңіз құтты болсын!  Әрдайым халық пен депутаттардың арасында алтын көпір болып, қабылданып жатқан заңдардың елге таралуына атсалыса беріңіздер. Абыройлы қызметтеріңізге табыс тілеймін»,- деді О. Мұхамеджанов.

Қазіргі кезде Парламентте 70-тен астам баспасөз бен электронды басылымдар бойынша 450-дей журналист тіркелген. Оның ішінде бірнеше тілде жарық көретін аймақтық, республикалық, шетелдік БАҚ бар.

 Мәжіліс Төрағасы заң шығару қызметін халыққа жеткізуде белсенділік танытқан журналистерге Палата депутаттары атынан ризашылығын білдірді.

 ІІ сессия барысында Парламенттің заң шығарушылық қызметі жайлы материалдарымен көзге түскен бір топ қалам иелеріне сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді.

  Өз кезегінде журналистер Мәжілісте өтетін талқылаулардан көп мағлұмат алатындықтарын айтып, депутаттық корпустың қалам иелерінің заң шығару қызметін насихаттаудағы еңбектерін құрметтеп отырғандарына алғыстарын білдірді.