Атап айтқанда, Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Үкіметінің және Республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері тыңдалды.
«Өткен жылы сіздердің материалдарыңыз бойынша бірде-бір айыптау үкімі шығарылған жоқ. Сіздер заңнамалық тұрғыда тікелей талап-арызбен сотқа жүгіне алатын елдегі жалғыз өкілетті органсыздар. Сонымен қатар тапсыратын материалдарыңыз сотқа дейін жетпей жатады.
Көп жағдайларда сіздердің тексерулеріңіз нәтижесіндегі ұсынылған материалдардың төмен сапасы себебінен сотқа жетпейтіні байқалуда. Бұл тұрғыда тексеріс процесі емес, оның нәтижесі маңызды, яғни келтірілген шығын көлемін өтеу, заң бұзушылық үшін жауапкершілікке тартылғандардың саны ескерілуі тиіс. Тек сонда ғана жұмыстың тиімділігі болады. Біз бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі туралы жиі айтамыз. Алайда соңғы кезде тексерушілерге де қатысты сұрақтар туындауда. Тек барлық тараптардың өзара жауапкершілігі кезінде ғана мемлекеттік қаржыны пайдалануда тиісті тәртіпті жасай аламыз»,-деді Н. Нығматулин Есеп комитетінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібековке қаратып айтқан сөзінде.
Сөз соңында Мәжіліс төрағасы атқарылатын жұмыстардың тиімділігін арттыру бағытында Есеп комитетінің заңнамалық бастамаларын депутаттар қолдауға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Н. Әбдібеков Комитет жұмысына қатысты айтылған сын өте орынды екенін, кемшіліктерді түзету жұмыстарын іске асыратынын атап өтті.