Мәжіліс төрағасы Халықаралық көрмелер бюросы Сараптамалық комиссиясының делегациясымен кездесті

АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Астанаға Стен Кристенсен бастап келген Халықаралық көрмелер бюросы Сараптамалық комиссиясының делегациясымен кездесті.

Кездесудің басты тақырыбы Астана қаласының ЕХРО-2017 көрмесін өткізуге берген өтінімі туралы болды.

Н.Нығматулин өз сөзінде халықаралық көрме өткізу қозғалысының маңызды рөлін айта келіп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан қоғамның барлық саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгенін және ауқымды іс-шараларды әлемдік деңгейде өткізуде үлкен тәжірибесі бар екенін атап өтті. Сондықтан да ел Президентінің Астана қаласында ЕХРО-2017 көрмесін өткізу туралы бастамасы барлық  қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық идеяға айналып отыр.

Мәжіліс төрағасы елордамызда әлемнің кем дегенде 120 елі мен халықаралық ұйымдардың қатысуымен Дүниежүзілік көрмені өткізу, жедел қарқынмен дамып келе жатқан мемлекет ретінде Қазақстанның беделін арттырып қана қоймай, сонымен қатар өзге елдерге де тиімділігі мен пайдасын тигізетінін тілге тиек етті.

Н.Нығматулин дайындық жұмыстары басталып кеткенін, халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу жөніндегі тәжірибе, біздің мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы және өріс алып келе жатқан транзиттік-көліктік әлеуеті Астана қаласында ЕХРО-2017 халықаралық көрмесін жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік бар екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ол,  Парламент Мәжілісі аталған жобаның жүзеге асуын қолдайтынын және оған ықпал етуге әрқашан әзір екендігін білдірді.

Бүгінгі таңда Қазақстан парламентшілері Парламентаралық одақ, ЕҚЫҰ ПА-ның, Еуропа Кеңесінің, ТМД, ЕурАзЭҚ, Ислам Ынтымақсатығы ұйымы және тағы да басқа көптеген халықаралық және аймақтық парламентаралық бірлестіктердің жұмысына қатысады. Парламент Мәжілісінде 60 елдің парламентшілерімен ынтымақтастық тобы құрылды.

Тараптар Қазақстанның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық қалыптасуындағы бірқатар мәселелерді талқылады.

Нұрлан Нығматулин  «Болашақтың Энергиясы» деп аталған ЕХРО-2017 көрмесі мемлекеттердің өз жетістіктерін көрсететін алаң болып қана қоймай, энергетика саласындағы жаңалықтардың пайда болуына ынталандыра түсетініне үміт артты.

Өз кезегінде Халықаралық көрмелер Бюросының Сарапшылар комиссиясының мүшелері ЕХРО-2017-ні Астанада өткізуді қолдау жұмысына қатысқан парламентшілердің сұрақтарына назар аударды, сондай-ақ барлық қазақстандықтардың дайындық процесіне қатысуы туралы ойларымен бөлісті.