Мәжіліс Төрағасы қазақстандықтарды Астана күні мерекесімен құттықтады

АСТАНА. 30 маусым. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов барша қазақстандықтарды келе жатқан Астана күні мерекесімен құттықтады.

«Астана біздің бәріміздің де сүйікті елордамыз. Астана мен Қазақстанның тәуелсіздігі ажырамас егіз ұғым. Біздің тәуелсіздігіміздің символы», - деді ол бүгін Парламенттің төртінші шақырылымының төртінші сессиясы аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Қазіргі уақытта Астана қаласының жай-күйі алғаш елорда Ақмолаға көшкен 1997 жылмен салыстырғанда күн сайын, сағат сайын гүлденіп, көркейіп келе жатқандығын баса айтқан О.Мұхамеджанов: «Сондықтан мен астаналықтарды ғана емес қазақстандықтарды да осы мерекемен құттықтаймын!», - деді.

Сондай-ақ ол каникул кезінде 2 аптаға немерелерін алып, Эгей, Бодрум теңіздеріне барып демалатындығын атап өтті.

Ал журналистер тарапынан әріптесі И.Елекеевтің экономикалық қиын жағдайда отырған қырғыз еліне көмек ретінде Ыстықкөлге барып демалуға қатысты ұсынысына байланысты қойылған сауалға «Грекияға барып демалуды ұсынуға да болады. Қазіргі уақытта Грекия да қатты зардап шегуде. Сонымен қатар қиын жағдайда қалып отырған басқа да елдерге баруға болады. Ал ең жақсысы, өзіміздің Алатау, Бурабай, Оқжетпес сынды курорттарға барған дұрыс», - деп жауап берді Мәжіліс Төрағасы.