«Сессия барысында Үкіметпен бірлесе қоян-қолтық жұмыс атқарылғанын атап өткен жөн. 5 үкімет сағаты өткізілді. Үкімет мүшелері ғылым саласындағы, агроөнеркәсіп кешеніндегі, өңірлік стандарттар, инвестициялық климат және басқа да салалардағы ахуал туралы баяндады. Осындай конструктивті ынтымақтастық келесі сессияда жалғасын табады деп сенеміз», - деді Е. Қошанов Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Сонымен қатар ол Үкіметпен бірлесе жұмыс істеу кезіндегі болған кейбір мәселелерге де тоқталды.
«Біріншіден, Үкіметтің заңға бастамашы болу жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай отыр. Қоғамда шұғыл шешімін күтіп отырған түйткілді мәселе көп екенін білесіздер. Олар, бірінші кезекте, заңнамалық тұрғыдан шешуді қажет етеді. Өкінішке қарай, бұл жайттарға Үкімет дер кезінде көңіл аударып, қажет заң жобаларын Мәжіліске уақтылы ұсынбай отыр. Сондықтан депутаттар осы өткір мәселелерді шешуді жедел түрде өз қолына алып, тиісті заң жобаларына бастамашы болуға мәжбүр. Осы орайда Үкіметке белсенділікті арттырып, келесі сессияға нақты әрі қоғамға қажет заң жобаларын әзірлеуді және Парламентке енгізуді тездетуге тиіс», - деді Мәжіліс төрағасы.
Мұнымен қоса палата спикері мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілікті айтты.
«Екіншіден, депутаттардың түзетулері мен толықтыруларына Үкімет қорытындысын қарау мерзімі тым ұзақ. Белгіленген тәртіп бар. Бірақ ол тәртіп көп жағдайда сақталмай отыр. Соның салдарынан кейбір заң жобаларының қабылдануы кідіріп тұр. Сондықтан Үкіметке қорытындыларды келісу рәсімін қайта қарау керек деп санаймыз. Біз жұмысымызды жаңа бастадық. Алдағы уақытта мемлекеттік органдар депутаттардың бастамаларын қараған кезде ведомстволық мүддемен шектелмеуі тиіс», - деді Ерлан Қошанов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысы өтіп, онда сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды.
Депутаттар биылғы 1 қыркүйекке дейін парламенттік каникул деп жарияланатыны туралы арнайы қаулы қабылдады.