Мәжіліс Төрағасы О. Мұхамеджанов «Еуразия диалогы» халықаралық қоғамдық қорының президентін қабылдады

әуірдің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов «Еуразия диалогы» халықаралық қоғамдық қорының президенті Салих Ақшай мырзаны оның өтініші бойынша қабылдады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық идеясы кездесудің басты тақырыбына айналды. Өз сөзінде Мәжіліс Төрағасы ХХІ ғасырда өркениетке бастаған елдердің арасындағы мәдени байланыстарды дамыту жайында әңгіме қозғап, Біріккен Ұлттар Ұйымы және әлемдік қауымдастықтың қолдауына ие болған Қазақстанның тәжірибесі мен Мемлекет басшысының бастамаларына тоқталып өтті. Сонымен бірге, әңгіме барысында ядролық қарудан бірінші болып бас тартқан ел ретінде Қазақстанның беделінің артып отырғанына назар аударыла отырып, әлемдік даму кезіндегі халықтардың рухани байлық арқылы жақындасуы туралы мәселелерді талқылады.

Өз кезегінде мейман «Еуразия диалогы» тұғырнамасының бүгінгі атқарып отырған қызметі туралы баяндап берді. Айта кету керек, 1998 жылы Ыстамбұл қаласында өткен Еуразия жазушылары мен журналистері қауымдастығының алғашқы кездесуінде еркін, табыс табуды көздемейтін, мемлекеттердің саяси іс-әрекетіне араласпайтын халықаралық «Еуразия диалогы» тұғырнамасын құру туралы ой туындаған болатын. Аталған ұйым осылай дүниеге келген.

Кездесу соңында Мәжіліс Төрағасы мейманның ізгілік жолындағы қызметіне табыс тіледі.