Мәжіліс Төрағасы сумен жабдықтау саласындағы проблемаларды атады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сумен жабдықтау саласына мемлекеттік-жекешелік әріптестікті енгізу су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік берер еді.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еліміздің елді мекендерін сапалы ауыз сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне арналған парламенттік тыңдау барысында Нұрлан Нығматулин  сумен жабдықтау саласын жақсарту үшін жақын арада шешімі табылуы тиіс негізгі мәселелерді атады.

«Біріншіден, бүгінгі күні сумен жабдық нысанын салу және пайдалануға беру барысында жүйелі әдістер жоқ. Қазіргі уақытта өкінішке орай топтық су құбыры салынғаннан кейін ауылішілік желілердің дайын болмауынан елді мекенге су беруге мүмкіншілік болмайтын жағдайларды көріп отырмыз. Мұның барлығы бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға, сонымен бірге елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етпеуге әкеледі. Оған елді мекенді сумен қамтамасыз ету инфрақұрылымын салу және пайдалануға беру бойынша бірыңғай оператордың жоқтығы себеп болуда», - деді ол.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, екіншіден, нысандардың құрылысы аяқталғаннан кейін олардың пайдалану мәселесі де өзекті болып отыр. Бүгінде сумен жабдықтау жүйесінде материалдық құрал-жабдықпен және кадрлық әлеуетпен қамтамасыз етілген қызмет көрсетуші кәсіпорындар аудан орталықтарында ғана бар. Ал ауылдар мен елді мекендердегі сумен жабдықтау жүйесі ауыл әкімдерінің қызмет көрсетуіне берілген. Ал олар қажетті құрал-жабдықпен де, мамандармен де қамтамасыз ете алмай отыр. Соның салдарынан сумен жабдықтау жүйелерінде апат жиі орын алып,  желілер мен құрал-жабдықтардың істен шығуы, су берудің тоқтатылуы кездесіп жатады.  

«Үшіншіден, сумен жадбықтау нысандарын пайдаланумен тек мемлекеттік кәсіпорын ғана айналысуы тиіс. Дегенмен, Франция, Испания сынды елдердегі әлемдік тәжірибеде мемлекеттік кәсіпорын концессия формасында немесе жалдау шарты негізінде сумен жабдықтауды басқаруда жауапты ретінде жеке компанияны тағайындап жатады. Бізде де мемлекеттік-жекешелік әріптестікті енгізу су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға мүмкіндік берер еді», - деді Нұрлан Нығматулин.