Мәжіліс Төрағасы Түркия елшісімен кездеседі
16:39, 14 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 14-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Ертең, қаңтардың 15-інде Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Атилла Гүнай ҚР Парламенті Мәжілісіне келеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Түркия елшісі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановпен кездеседі деп күтілуде.
Айта кету керек, Қазақстан мен Түркия Парламенттері арасында ынтымақтастық байланыс нығайып келеді. Екі елдің парламентшілерінен құрылған «Достық» депутаттық тобы тәжірибе алмасу бағытында көптеген жұмыстар атқаруда.Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас қарқынды дамуда. Түркия Қазақстанның маңызды және ірі сауда-экономикалық әріптесі болып отыр. Статистика агенттігінің мәліметі бойынша, екі ел арасындағы сауда айналымы 2008 жылдың 9 айында 2 млрд. 224 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт - 1,5 млрд., ал импорт - 702 млн. доллар.