Мәжіліс төрағасы жапон парламенттік делегациясын қабылдады

АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов Жапония Парламенті Өкілдер Палатасының Халықаралық қатынастар комитетінің төрағасы Мунэо Судзуки мырза бастаған делегациясымен кездесті, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.

Достық кездесуде Қазақстан мен Жапонияның арасындағы парламенттік ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Мәжіліс төрағасы жапондық әріптестеріне Жапония 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғанда алғашқылардың бірі болып құттықтағанын мәлімдеді. Содан бері екі арадағы экономикалық, саяси және гуманитарлық байланыстар кең қанат жайып келе жатыр. Екі жақ та әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздік, тұрақтылыққа бірлесе ұмтылып, экстремизм мен лаңкестікке, жаппай қырып-жою қаруларына бірлесе қарсы тұруда.

Осыған орай биылдан бастап, Қазақстан Президентінің ұсынысымен тамыздың 29-ы БҰҰ-ның Ядролық қарусыздануға қарсы халықаралық күні болып аталып отыр. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сьезін өткізуге бастама көтеріп оны Астанада үшінші рет өткізіп, 2011 жылы Ислам конференциясына төрағалық жасайтын болады.

2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасап, аталған халықаралық ұйымның беделінің одан әрі арта түсуіне бар күшін салуда. Бұл ұйым басшыларының Саммитін алдағы желтоқсанда араға түскен 11 жыл үзілістен кейін Астанада өткізгелі отырғанын хабарлады.

Жапондық мейман өз кезегінде техникасы дамыған елінің Қазақстанмен келешегінің зор болатынына тоқталды. Оның маңызды бір саласы екі ел арасындағы парламенттік байланыста жатқандықтан әріптестерімен делегация алмасып, тәжірибе жалғастыруды екі жақ жөн көрді.

Бұл кездесуге Жапония Парламентімен ынтымақтастық тобының мүшелері Әмзебек Рысбеков, Сәт Тоқпақбаев, Людмила Хочиева мен Нұртай Сәбильяновтар қатысты.