16:27, 08 Маусым 2009
Мәжіліс Төрағасының орынбасары туризм мен спортты, салауатты өмір салтын насихаттауға қатысты ұсыныс білдірді
АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында қорытынды сөз сөйлеген ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Ж. Кәрібжанов туризм мен спорт саласын дамытуға қатысты өз ойларын ортаға салды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Бүгінгі күні біздің тәуелсіз, жас мемлекетіміздің басты даму бағыттарының бірі ? туризмді және спортты дамыту. Туризм ? шетел валютасы түсімдерінің белсенді қайнар көзі және еліміздің төлем балансына өз ықпалын тигізе отырып, мол табысты және ең серпінді дамып жатқан экономиканың орасан зор салаларының бірі. Ал спорт ? ел азаматтарының денсаулығын нығайтудың, жастарды рухани тәрбиелеудiң және дене тәрбиесiнiң, салауатты өмiр салтын қалыптастырудың маңызды құралдарының бiрi. Сол себептi ел халқының қалың жiгiнiң дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануына қол жеткiзу мемлекеттiң осы саладағы бiрiншi кезектегi мiндетi болып табылады»,- деді Ж.Кәрібжанов.ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Палата депутаттары атынан бірнеше ұсыныстар айтты. «2007-2012 жылдарға арналған туризм, дене шынықтыру және спортты дамыту бағдарламасын толықтай іске асыру бойынша барлық шаралар қабылдансын және қажет болған жағдайда, оған тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілсін.Екіншіден, басымды экономикалық қызмет түрлерінің тізбесіне туристік және спорттық инфрақұрылым нысандарын салуды енгізу мәселесі қарастырылсын. Яғни теміржол көлігінде туристік бағыттарды ұйымдастыру кезінде базалық «бәсекеге қабілетті» тарифтерді белгілеу және туристерді тасымалдау үшін вагондардың талапқа сай кластарын сатып алу бойынша кешенді шаралар әзірленсін.Сондай-ақ туристік топтарға арналған жеңілдіктер жүйесін құру мақсатында ішкі және халықаралық әуе жолдарында икемді баға саясатының тетігін әзірлеу және оны қазақстандағы авиациялық жолаушылар мен жүк тасымалдау нарығында жұмыс істейтін барлық авиакомпаниялардың рейстерінде кең қолдануын қамтамасыз ету жөнінде де кешенді шаралар дайындалуы керек.Үшіншіден, 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын әзірлеу кезінде спортқа еңбек сіңірген спортшыларға және жаттықтырушыларға өмірбойғы материалдық қамтамасыз ету төлемінің мөлшерін көтеру және еліміздің аймақтарында дене шынықтыру ? сауықтыру кешендерінің салынуын қаржыландыруды қамтамасыз ету мәселесі қарастырылсын.Төртіншіден, туризм мен спортқа, салауатты өмір салтын насихаттауға арналған телебағдарламалар көлемін кеңейту бойынша барлық қажетті шаралар қабылдансын.Бесіншіден, 2010-2012 жылдарға арналған аймақтардың Стратегиялық даму жоспарына мемлекеттік бағдарламада көзделген аймақтық туристік кластерлер құрудың шеберлік-жоспарларын әзірлеу және бекіту, туристік, дене шынықтыру мен спортты дамытудың аймақтық бағдарламаларын қажетті қаржымен қамтамасыз ету, туристік және спорттық нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту және жаңаларын салу кешенді шаралары енгізілсін.Жас шамаларына қарамастан халықтың барлық қалың топтарының арасында бұқаралық спортты дамытудағы және салауатты өмір салтын ендіру принциптері саласындағы қызметтердің белсенділігін арттыру қажет», - деді Ж.Кәрібжанов.