Мәжіліс тұрғын үй қатынастарына арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген және мемлекеттік тұрғын үйге иелік ету саласында тұрғын үй заңнамасын жетілдіруге бағытталады. Атап айтқанда, мемлекеттік тұрғын үй қорын коммуналдық тұрғын үй қоры, мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қоры және мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қоры деп, олардың аражігін ажырату бөлігінде тұрғын үй қатынастары заңнамасын жетілдіру көзделеді. «Заң жобасына келетін болсақ, қолданыстағы заңнамада мемлекеттік коммуналдық тұрғын үй қоры мен мемлекеттік кәсіпорындардың қарамағындағы тұрғын үйлер ғана мемлекеттік тұрғын үй қорының құрамында болуы көзделеді. Сонымен бір мезгілде, орталық атқарушы органдар мен басқа мемлекеттік мекемелердің балансында мемлекетке тиесілі тұрғын үйлер баршылық. Алайда, меншіктің осы түрі заңнамада көзделмеген», - деді Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері агенттігі төрағасының орынбасары Николай Тихонюк заң жобасы жайында жасаған баяндамасында.

Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар беретін тұрғын үйлер қызметтік тұрғын үй немесе қызметтік тұрғын үйге теңестірілген тұрғын үй деп бөлінеді. Бұл ретте олардың құықтық мәртебесінде елеулі айырмашылықтар да белгіленіп отыр. Сонымен бірге, заң жобасы бойынша мемлекеттік мекемелердің тұрғын үй қорынан қызметтік тұрғын үй беру тәртібі мен шарттарын нақтылау, осындай үйді жекешелендіру тәртібін анықтау, апатты үйлерден азаматтарды көшіру проблемасын шешу шаралары қарастырылады. «Мәселен, әрбір министрлікте өзінің тұрғын үй қорын құру ұсынылады. Жалпы, бұрынырақта әрбір министрліктерде тұрғын үй қорын иеленетін мемлекеттік кәсіпорын болған. Бұл кәсіпорындардың барлығы акционерлік қоғам болып құрылды да, тұрғын үй қоры әкімдіктерге берілген еді. Енді осы қалпына келтіріледі», деді Н. Тихонюк. Бұдан бөлек, заң жобасы бойынша баспананы өтеусіз жекешелендіруге құқы бар азаматтар санаты нақтыланады. Негізінен бұндай құқық бұрын да болған және 1992 жылғы Министрлер кабинетінің қаулысымен бекітілген еді. Сондықтан да, жаңа жобада бұл құқықтар жүйелендіріледі. Мәселен, Агенттік төрағасы орынбасарының айтуынша, мемлекеттік органдардың ұсынысына сәйкес, заң жобасында тұрғын үйді жекешелендіруге шектеу қоюлар де көзделген. Атап айтқанда, белгіленген санитарлық және техникалық талаптарға жауап бермейтін, әскери қалашықтардың, шекара заставаларының және өзге де жабық нысандар аумағында орналасқан, ерекше табиғи аумақтарда орналасқан тұрғын үйлер жекешелендіруге жатпайды.