Мәжіліс тұрғын үй-коммуналдық мәселелерге арналған заң жобасына Сенат енгізген өзгерістерге келісімін берді
13:53, 13 Мамыр 2009
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық сала мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Сенаты тарапынан енгізілген өзгерістерді талқылады.
Сенаттың өзгерістерімен келіскен Мәжіліс құжатты қабылдау туралы қаулы жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған заң жобасы кондоминиум нысандарын басқаруды жетілдіру, тұрғын үй қорын тиісті талаптарға сай ұстау және оған қажетті қаржыландыру мәселелерін шешу мақсатында әзірленген. Сонымен қатар заң жобасы тұрғын үй қорын тиімді басқару үшін осы салада қайта құру жұмыстарын жүзеге асыруды көздейді. Осы мақсаттарды іске асыру үшін заң жобасымен «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы», «Жеке кәсіпкерлік туралы» заңдары мен Азаматтық және Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Бұндай өзгерістер Үкіметтің тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеу жөніндегі құзіретін нақтылауды қарастырады. Бұдан басқа, басқару органдарының және кондоминиумға қатысушылардың тұрғын үй заңнамасын сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгілеу, тұрғын үй инспекциясы жүзеге асыратын мемлекеттік бақылауды орнату шаралары да көзделіп отыр. Сонымен бірге, жобаға сәйкес кондоминиум нысанының ортақ мүлкін күрделі жөндеуді қаржыландыру мақсатында пәтерлердің меншік иелеріне екі банктік шот ашу құқығы беріледі. Бұның бірі ағымдағы жөндеу үшін қарастырылатын шығындар шоты болса, екіншісі ортақ мүлікті күрделі жөндеуге арналған сомаларды жоспарлы немесе біртіндеп жинақтау үшін ашылады.
Жобаны талқылау барысында сенаторлар тұрғын үй қорын күтіп ұстау ережелерін сақтауға бақылау жасайтын инспекцияның өкілеттігін нақтылауға қатысты өзгерістер енгізген болатын. Сонымен бірге, жергілікті атқарушы органдардың пәтер иелерінің жиналысын өткізуге өз бетінше бастамашылық жасау құқығын көздейтін түзету жасалып отыр. Бұдан басқа бірқатар өзгертулер заң техникасын жақсартуға, редакциялық және нақтылаушылық сипатта болды.
Мәжіліс Сенат депутаттарының өзгерістерімен келісіп, құжатты қабылдады.