Мәжіліс Уақытша әкелу туралы конвенцияны мақұлдады

None
АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Уақытша әкелу туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Енді құжат Сенаттың қарауына жіберіледі.

Уақытша әкелу туралы аталған конвенция 1990 жылғы маусымның 26-сында Ыстамбұл қаласында жасалған болатын. «Конвенция тауарларды уақытша әкелудің барлық тиісті мүмкіндіктерін бір құрал ретінде реттей отырып, бірыңғай ережені белгілейтін халықаралық шарт болып табылады. Оның негізгі мақсаты тауарларды экономикалық, гуманитарлық, мәдени, әлеуметтік және туристік байланыстарға қол жеткізу және оларды дамыту мақсатында кедендік рәсімдерді оңайлатыру, жеңілдету және үйлестіру болып отыр. Конвенция тауарларды уақытша әкелудің бажсыз, оңай және тез рәсімдеуге мүмкіндік береді», деді ҚР Қаржы министрінің орынбасары Андар Шоқпытов.

Құжатқа сәйкес, белгілі бір мақсатпен әкелінетін және қандай да бір өзгеріссіз әкелінетін кейбір тауарларды баждар мен алымдар төлеуден шартты түрде босатады. Импортқа экономикалық сипаттағы салынатын тиымдарды немесе шектеулерді қолданбастан кедендік аумаққа әкелуге мүмкіндік беретін кедендік режим уақытша әкелу деп саналады.

«Бүгінгі таңда аталмыш Конвенцияны әлемнің 61 мемлекеті қабылдаған. Соның ішінде Кедендік одаққа енетін Беларус пен Ресей осы конвенцияны қолданып келеді. Сондықтан да, бізге де осы конвенцияға қосылу қажеттілігі туындайды. Бұл бойынша әкелінетін тауарлар Кеден одағының барлық аумағы бойынша шектеусіз өтеді», деді А. Шоқпытов.