«Бүгін Мәжілістің алтыншы шақырылымы заң шығару жұмысына кірісті. Бірінші кезекте біз Мәжілістің өкілеттіктерін іске асырудың бірінші сессияға арналған негізгі шаралар жоспарын қабылдадық. Елбасымыз атап өткеніндей, елімізді түбегейлі жаңғыртатын ауқымды істерді, жүзеге асырылып жатқан Ұлт жоспарын одан әрі заңнамалық қамтамасыз ету біздерге жүктелді. Бірыңғай салықтық және кедендік кодексті, жер қойнауы мен жер қойнауын пайдалану кодексін қабылдап, бәсекелестік, электроэнергетика және мемлекеттік функцияларды бәсекелес ортаға беру саласындағы заңнаманы жетілдіруіміз қажет», - деп атап өтті Мәжіліс спикері.
Сонымен қатар, Төраға өзін-өзі басқару органдарының бюджеттері мен меншігін тиімді басқаруын заңнамалық қамту мәселесіне тоқтала келе, бұл заң жобасы күзде Мәжілістің қарауына түсетінін атап өтті. Оның айтуынша, Мәжіліс депутаттары Үкіметті күтпестен осы заң жобасымен жұмысты бастап кеткен. Сонымен қатар, палатаның қоржынында қазіргі таңда жиырмаға тарта заң жобасы бар.
«Сондықтан да, барлық ұйымдастырушылық мәселелерді шұғыл түрде шешіп, нақты заң шығару процесіне белсене араласуларыңызды сұраймын. Барлық парламенттік фракциялар мен депутаттық топтар Үкімет және қоғаммен бірлесіп, жедел, кәсіби және ашық жұмыс істеп, сапалы заңдар қабылдауымыз керек», - деді Б. Ізмұхамбетов.