Мәжіліс «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Заң жобасын мақұлдады

None
АСТАНА. Қаңтардың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» Заң жобасын мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған заң жобасы Елбасының «Ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен тұрақталығын қамтамасыз ету жөніндегі кейбір шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленген. Заң жобасы Ұлттық әл-ауқат қорын ұйымдастыру мен оның тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағытталады, сондай-ақ Қордың мәртебесін, оның қызмет ерекшеліктерін айқындайды. Осыған орай аталған қорға бірқатар ерекше өкілеттіктер беру көзделеді. Атап айтқанда, Үкіметтің шешімі бойынша стратегиялық нысандарды, жер қойнауын пайдаланудың иеліктен айырылатын құқығын және жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғаларға қатысу үлесін сатып алудың басым құқығы беріледі. «Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Үкіметтің, Ұлттық банк пен Қаржы нарығын қадағалау агенттігінің Экономика және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі жоспарын орындауда негізгі оператор болып табылады. Ал осы Қорға жеке заң әзірлеу қажеттігі заңнамаға енгізуге ұсынылатын жаңа талаптардан туындайды. Бұлар Қордың алдына қойған мақсатқа тиімді жетуіне және қаржы дағдарысы кезіндегі міндеттерді іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастырады. Депутаттар тарапынан, жалпы алғанда, заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпейтін ұсыныстар енгізілді. Атап айтқанда, мұндай ұсыныстар экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі. Сондай-ақ экономиканы жаңғырту мен әртараптандыруға, компаниялардың қызметтерінің тиімділігін арттыру шаралары қамтылады», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов. Сонымен бірге депутаттар тарапынан Қордың таза табысын бөлу тәртібін айқындау, жай акциялар бойынша дивиденттерді төлеу және дивидент мөлшерін бекіту секілді бірқатар түзетулер енгізілген. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.