Мәжіліс Ұлттық банк қызметіне арналған заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады

None
АСТАНА. Мамырдың 20-cы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақша төлемі мен аударымы, қаржы ұйымдарының бухгалтерлік есебі мен қаржылық есептілігі және Ұлттық Банкінің қызметі туралы Қазақстан заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Аталған заң жобасы Ұлттық Банктің қызметін, оның функциялары мен өкілеттіктерін және басқа мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарының қызметін регламенттеу мақсатын көздейді. Құжатта ақша төлемі мен аударымын жүргізу тәртібі мен талаптарын нақтылау, сондай-ақ клиенттің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың өкімдерін және клиенттің банк шоттарындағы ақшасына тыйым салу құқығына ие уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды тұлғалардың шешімдерін орындау кезектілігін айқындау шаралары қамтылатын болады. Осы мақсатта қолданыстағы Азаматтық, Кеден, Салық және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне өзгерістер енгізу талап етіледі. Бұдан басқа, «Нормативтік құқықтық актілер туралы» және «Әкімшілік рәсімдер туралы» заңдардың талаптарына сәйкес келтіру мақсатында мемлекеттік органның функциялары заңдарда тікелей көзделуі қамтылады. Бірінші оқылымда тұжырымдамалы түрде мақұлданған заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар тарапынан ешқандай ұсыныс келіп түспеген. Құжат Парламент Сенатының қарауына беріледі.