Мәжіліс Ұлы Отан соғысының ардагерлерін баспанамен қамтудағы қолдауды күшейтуге бағытталған жобаны мақұлдады

әуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады.

Құжатқа бірқатар Мәжіліс депутаттары бастамашылық жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасы бойынша түсінік берген Мәжіліс депутаты Владимир Бобровтың айтуынша, құжат Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында әзірленген.

«Құжат бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларының баспана алу кезінде аталған санаттағы адамдардың табысына шектеулерді алып тастау нормалары көзделіп отыр. Өйткені, қолданыстағы заңға сәйкес ҰОС мүгедектері мен қатысушылары аз қамтылған санатқа жатқызылмайды. Екіншіден, заң жобасында ҰОС-ның мүгедектері мен қатысушыларына мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығы қарастырылады. Үшіншіден, ҰОС-ның мүгедектері мен қатысушыларына мемлекеттік тұрғын үй қорының тұрғын үйін аталған санаттағы адамдарға тегін беру құқығы көзделеді», деді В. Бобров.

Сонымен бірге, заң жобасы арқылы апатты үйлерде тұрып жатқан және баспана алуға мұқтаж жекелеген азаматтардың тізімін жүргізу қамтылған.

Жобамен жұмыс барысында депутаттар ҰОС мүгедегі немесе қатысушысы қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелеріне тұрғын үйді тегін бері құқығын қарастыратын норманы енгізді.

Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.