Мәжіліс Ұлы Отан соғысының бір топ ардагерлеріне құрмет көрсетеді

АЛМАТЫ. Сәуірдің 28-і. ҚазАқпарат - Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Динар Нөкетаева бастаған Мәжіліс депутаттары сәуірдің 30-ы, жұма күні, Алматы қаласында Ұлы Отан соғысының бір топ ардагерлерін салтанатты жағдайда құттықтайды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қадірлі меймандарға гүл шоқтары мен парламенттік сыйлықтар берілуімен бірге, Мәжілістің Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП Фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджановтың құттықтау лебізі жеткізіледі.

Бейбіт өмірде көптеген ардагерлер еңбек жолын еліміздің жоғарғы өкілетті органымен тығыз байланыстырған және құрметті еңбек демалысына шыққан.

Айта кету керек, құрметті қонақтардың ішінде Ізгілік Дабаев та бар. Ол 1922 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген. 1941 жылы әскерге алынған. Мәскеу түбіндегі болған қанды шайқастарға кіріскен Ізгілік Дабаев Берлинге дейінгі қанды шайқастар жолын басып өткен. Днепрді жаудан босатқаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Әйгілі Курск доғасындағы кескілескен ұрыстағы ерлігі үшін Ұлы Отан соғысы орденіне ие болған. 1945 жылы желтоқсан айында елге оралған.

Сонымен қатар 1926 жылы Мәскеу қаласында туған Евгений Сафронов та 1943 жылы әскерге шақырылып, атты әскер құрамында Одер, Неман, Висла өзендерін жаудан азат етуде ерлік көрсеткен. Сонымен қатар Шығыс Пруссияны, Померанияны және Польшаны жаудан босатып, 1945 жылы жеңісті мамыр айында Эльба өзенінде одақтастардың әскерімен бірігу шарасына қатысқан. Соғыстың сұрапыл жылдарын бастан кешкен ардагердің кеудесінде ерліктің куәсіндей «Қызыл Жұлдыз» және Даңқ ордені жарқырап тұр.