Айта кету керек, бұл өткен сайланым депутаттарының бастамашылығымен әзірленген заң жобасы болатын. Палата қызметінің мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты заң жобасы бойынша жұмыс тобының бірнеше отырысы өткенмен, Мәжілісте мақұлданбай қалған еді.
Енді, міне, VI сайланымдағы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті аталған заң жобасын қайтадан қолға алды. Жаңадан құрылған жұмыс тобына жетекшілік ету міндеті Бекболат Тілеуханға жүктелді.
Жұмыс тобының алғашқы отырысында сөз алған Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы, заң жобасы бастамашыларының бірі Майра Айсина аталған құжат бойынша қандай жұмыстар жүргізілгенін, заң жобасының мақсатын жан-жақты баяндап берді. Осы заң жобасымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және «Мәдениет туралы» заңға түзетулер енгізілуі қарастырылып отырғанын жеткізді. Заңнамадағы қайшылықтарды жою, Қазақстанда цирк өнерін дамытуға құқықтық жағдайлар жасау мақсаты көзделіп отыр.
Қаржы шығыстарын талап ететін бірқатар түзетулер қорытынды алу үшін Үкіметтің қарауына жіберілген.
Депутат Нұртай Сабильянов бұрынғы сайланымда қаралған ұсыныстар мен түзетулер қайтадан талқылаудан өтуі қажет екенін атап өтті. Үкіметтің оң қорытындысын алған толықтырулар да пысықталатын болады.
Бекболат Тілеухан бұл заңнамалық актінің маңыздылығына тоқтала келіп, әріптестерін осы заң жобасын талқылап, жан-жақты жетілдіруге белсенді қатысуға шақырды.
Жұмыс тобының келесі отырысы 14 сәуір, бейсенбі күні, өтетін болып белгіленді.