Мәжіліс заңсыз алынған кірістерді заңдастыруға қарсы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті

АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат -  Бүгін Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға және ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулерді талқылап, құжатты қабылдады.

  Еске сала кетейік, аталған құжат Конституциялық Кеңестің 2009 жылғы 20 тамыздағы заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заң нормаларын құқықтық позицияға сәйкес келтіру туралы тапсырмасына сәйкес әзірленген.

Бұл ретте, заң жобасының басты нысаны оны қабылдаған кезде заңнамадағы орын алып отырған кемшіліктерді, қайшылықтарды жою болып табылады. Ал құжаттағы түзетулер адвокаттар орындайтын конституциялық маңызды миссиямен олар үшін заңнамамен енгізіліп отырған өз клиентінің күдікті қаржылық мәмілелері туралы өкілетті органға хабарлау міндеті арасындағы тартысты болдырмайтын құқықтық тетіктерді бекітуге бағытталады. Бұдан бөлек, ұйымдар мен тұлғаларды терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдардың тізбесінен шығару тетіктерін бекіту көзделеді. Сонымен қатар, заң жобасымен қаржы мониторингі субъектілерінің ішкі бақылау ережелеріне қойылатын талаптары да реттеліп отыр. Қаржы мониторингіне жататын күдікті операцияны тоқтата тұру тәртібі де нақтыланған.

Ал Мәжіліс мақұлдаған құжатқа Сенат 6 түзету енгізген болатын. Бұлардың басым бөлігі редакциялық нақтылау сипатында және заң жобасының тұжырымдамасын өзгертпейді.