Мәжіліс зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң жобасын қарайды

None
АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Ертең 17 сәуірде Парламент Мәжілісінің жалпы отырысы өтетін болады. Онда палатаның қарауына бірқатар мәселелер шығарылып отыр. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйге құқықтарын қамтамасыз ету мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылайтын болады. Бұдан бөлек, мәжілісмендер талқысына «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасы бірінші оқылымда ұсынылады. Аталған құжат бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов баяндайды деп күтілуде. Ал қосымша баяндаманы Мәжіліс депутаты Нұртай Сәбильянов жасайтын болады.

Сонымен қатар, күн тәртібіндегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Кеден одағында тарифтік емес реттеу шараларын қолдану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев баяндама жасайтыны күтіледі.