19 наурызда өтетін Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын сайлауда дауыс беру алғаш рет жаңа ережелер бойынша өтеді – депутаттар аралас жүйе бойынша сайланады.
Сонымен, республикалық маңызы Алматы және Шымкент қалалары мен Астана қаласында электорат тек партия үшін ғана емес, тәуелсіз кандидаттар үшін де дауыс береді. Оларға түрлі-түсті бюллетеньдердің 4 түрі беріледі.
Бланкілер әр түрлі түсте болады:
1. Мәжіліс депутаттарын партиялық тізімдер бойынша сайлау бюллетені – көкшіл (7 партия атауы жазылған);
2. Мәжіліс депутаттарын бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша дауыс беру бюллетені – жасыл (кандидаттардың аты-жөні көрсетілген);
3. Қала мәслихатына партиялық тізімдер бойынша сайлау бюллетені – күлгін (7 партияның тізімі көрсетілген)
4. Қала мәслихатына бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланатын кандидатқа дауыс беру бюллетені – қызғылт сары (кандидаттардың аты-жөні жазылған).
Барлық бюллетеньде «Барлығына қарсымын» деген баған да болатынын айта кетейік.
Ал қалған 17 облыста дауыс берушілер 5 түрлі сайлау бюллетенін алады.
Бланкілердің түрі:
1. Мәжіліс депутаттарын партиялық тізімдер бойынша сайлау бюллетені – көкшіл (7 партия атауы жазылған);
2. Мәжіліс депутаттарын бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша дауыс беру бюллетені – жасыл (кандидаттардың аты-жөні көрсетілген);
3. Облыс мәслихатына партиялық тізімдер бойынша сайлау бюллетені – күлгін (7 партияның тізімі көрсетілген)
4. Облыс мәслихатына бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланатын кандидатқа дауыс беру бюллетені – қызғылт сары (кандидаттардың аты-жөні жазылған).
5. Мәслихатқа (қалалық немесе аудандық) бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланатын кандидатқа дауыс беру бюллетені – сұр түсті (кандидаттардың аты-жөні жазылған).
Барлық бюллетеньде «Барлығына қарсымын» деген баған болады.
Еске салсақ, Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, дауыс берушілер тізімінде 12 032 550 адам бар.