Мәжіліс жұмылдыру дайындығы туралы заң жобасы бойынша келісім комиссиясының ұсыныстарын қабылдады
Аталған заң жобасының басты мақсаты еліміздегі жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру жүйесін жетілдіру болып табылады. Осыған орай, заң жобасымен ҚР Президентінің, ҚР Үкіметінің, уәкілетті органның, ҚР мемлекеттік органдары мен ұйымдарының жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру саласындағы құзіретін нақтылау бөлігіне және олардың аражігін ажырату бойынша өзгерістер енгізілетін болады. Атап айтқанда, ҚР Президентінің осы салаға қатысты өкілеттілігі нақтыланып, ел Үкіметінің және жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органның өкілеттіктері нақтыланып, барлық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдардың аражігі қайта қарастырылады. Құжатта табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жою жөнінде алдыңғы кезектегі шараларды қабылдау көзделеді. Бұдан басқа, гуманитарлық жәрдем көрсету үшін жұмылдыру резервін бейбіт кезде пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылып отыр.
Парламент палаталары арасындағы келісім комиссиясы 10-ға жуық ұстанымдарды қарап, олар бойынша тиісті шешім шығарған.