ҚР Әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаевтың айтуынша, зияткерлік меншік құқықтарын сақтау және қорғау саласындағы бірыңғай реттеу қағидаттары туралы келісім 2010 жылғы 9 желтоқсанда Санкт-Петерборда жасалды. Бұл ретте Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Тараптардың ұлттық заңнамасымен қорғалатын зияткерлік қызметтің нәтижелерін және тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді дараландыру құралдарын сақтау және қорғау саласындағы реттеу қағидаттарын біріздендіру мақсатында Келісімге қол қойылған болатын. Келісімге сәйкес әрбір Тарап Кеден одағының бірыңғай кеден аумағында контрафактілі тауарлар айналымының жолын кесуді тиімді қамтамасыз ететін заңнамалық тәртіп шараларын, сондай-ақ Интернет желісінде зияткерлік меншік құқықтарының бұзылуына қарсы іс-қимыл жөнінде бірыңғай шараларды көздейді. Бұдан бөлек, Тараптар мемлекеттерінің ведомстволары арасында зияткерлік меншікті сақтау және қорғау саласында үйлестіру және ақпараттық-техникалық ынтымақтастық жөніндегі функцияларды жүзеге асыру мақсатында тұрақты негізде тұрақты жұмыс істейтін институционалдық тетікті - Бірыңғай экономикалық кеңістіктің зияткерлік меншік жөніндегі үйлестіру кеңесін құру көзделуде.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.