Мәжіліс зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеуге бағытталған құжатты мақұлдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

«Заң жобасының мақсаты - тіркеу рәсімін оңайлату және құқықтық олқылықтарды жою, сондай-ақ зияткерлік меншік саласында әкімшілік кедергі келтіретін нормаларды алып тастау. Мәселен, авторлық құқық саласында енгізілетін түзетулер ұжымдық ұйымдардың қызметін нақтылауға бағытталған. Бұл ретте қолданыстағы заңнамада ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымдардың (ұжымдық ұйымдар) авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілерін пайдаланғаны үшін авторлық сыйақыны жинау, бөлу және төлеу бойынша міндеті белгіленген. Өкінішке орай, практикада осындай ұйымдар жиналған сыйақының көп бөлігін өзінің жеке шығыстарын өтеуге қалдыратын фактілер бар», - дейді Әділет министрі Берік Имашев.

Бұл ретте ұжымдық ұйымдар тарапынан асыра пайдалануды жою шаралары көзделеді. Мәселен, ұйымның сыйақыны жинау, бөлу және төлеу бойынша өзінің нақты шығыстарын өтеуге жиналған сыйақыдан ұсталатын соманың шекті пайызын белгілеу ұсынылады. Халықаралық практиканы ескере отырып, оны жиналған сыйақы сомасының 30 пайызынан аспайтын мөлшерінде белгілеу ұсынылып отыр.

Бұдан бөлек, заң жобасында өнертабысқа арналған патентке ұқсастығы бойынша селекциялық жетістікке арналған патентті күшінде қалдыру үшін төлем жасау мерзімін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін норма көзделген. Сондай-ақ, заң жобасы өнертабысқа арналған қорғау құжатының түрі ретінде инновациялық патентті алып тастауды көздейтін Патент заңына түзетулер енгізуді ұсынады.