Мәжіліс зияткерлік меншік саласын реттейтін заң жобасы бойынша Сенатпен келісті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласын құқықтық реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулерді қарады.

Аталған заң жобасының мақсаты зияткерлік меншік нысанының тіркелу рәсімін оңайлату және құқықтық олқылықтарды жою, сондай-ақ зияткерлік меншік саласында әкімшілік кедергі келтіретін нормаларды алып тастау болып табылады. Бұл ретте авторлық құқық саласында енгізілетін түзетулер ұжымдық ұйымдардың қызметін нақтылауға, осы ұйымдар қызметін айқындау мен тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталады.

Сонымен қатар заң жобасында ұжымдық ұйымдар тарапынан асыра пайдалануды жою шаралары көзделеді. Мәселен, ұйымның сыйақыны жинау, бөлу және төлеу бойынша өзінің нақты шығыстарын өтеуге жиналған сыйақыдан ұсталатын соманың шекті пайызын белгілеу қарастырылған. Сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, оны жиналған сыйақы сомасының 30 пайызынан аспайтын мөлшерінде белгілеу ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, нақты авторлар мен орындаушыларға бөлінген және аударылған, жиналып қалған сыйақыларды ұжымдық ұйымдардың шотында сақтау белгіленеді.

Бұдан бөлек, заң жобасында өнертабысқа арналған патентке ұқсастығы бойынша селекциялық жетістікке арналған патентті күшінде қалдыру үшін төлем жасау мерзімін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін норма көзделген.

Талқылау барысында Сенат бірқатар түзету ұсынған болатын. Мәжіліс депутаты Оңалсын Жұмабековтың пікірінше, бұл түзетулер заң жобасының тұжырымдамалық ережелерін бұзбайды. Толықтырулардың басым бөлігі редакциялық нақтылау сипатында болып табылады.

Осыған орай, Мәжіліс Сенат енгізген түзетулерге келісімін берді.