Мәжілісмен Ұ.Сәдібеков мақта саласын дамыту үшін қолданыстағы заңға өзгерстер енгізуді сұрады

АСТАНА. 9 қаңтар. ҚазАқпарат -«Агробизнес-2020» бағдарламасында мақта шаруашылығы басым бағыттар қатарында болуы тиіс.

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Ұласбек Сәдібеков осы мәселені көтерді.

Депутаттың айтуынша, 2007 жылы «Мақта саласын дамыту туралы» заңның қабылдануы мақта шаруашылығы өндірісіне, зауыттың қаржылық тәуелділігінен құтылуға, өсірген өнімімен шаруаның өзі айналысуына мүмкіндік берген. Тиісінше мақта шикізатына, өндірген өніміне әділ баға және кредиттік ресурстар алуға жағдайлар туған. Заң арқылы мақта саласын дамытуды мемлекеттік реттеу мен қолдауды қамтамасыз ететін құқықтық ұйымдастыру және экономикалық негіздер де қаланған. Осының нәтижесінде, 2006 жылдан бастап 2012 жылға дейінгі кезеңде мақта саласын жалпы мемлекеттік қаржыландыру 2,7 есеге артқан. Осылайша, мақта саласын одан әрі дамыту үшін жағдай жасалған болатын.

«Алайда, келіп түскен өтініштерді талдау нәтижесі мақта шаруашылығы саласында қалыптасқан жүйелі проблемаларды көрсетіп отыр. Атап айтсақ, бағаның қалыптасуы, мемлекеттік қолдау, сондай-ақ бизнесті жүргізу кезіндегі қиыншылықтар баршылық. Осы мәселеге орай, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауда астықтан кейінгі екінші орында тұратын мақта саласын дамыту мақсатында қолданыстағы заңға өзгерстер енгізуді сұраймыз. Оның ішінде әзірленіп жатқан «Агробизнес-2020» бағдарламасында мақта шаруашылығын басымдықтар қатарына қосуды, мақта өңдеу кәсіпорындарының жаңа технологияларымен қайта жабдықтау үшін мемлекеттік қолдауды қарастыруды ұсынамыз», - деді депутат.