Мәжілісмен жайылымды жекеменшікке айналдыруға ешкімнің қақысы жоқтығын айтты

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысына арнайы іссапармен келген Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров Жуалы ауданында болып, таулы өңірде салынып жатқан бірқатар құрылыс нысанын аралап, жергілікті тұрғындардың мұң-мұқтажымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: gov.kz

Халық қалаулысы алдымен Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Кәріқорған ауылындағы спорт мектебін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Бұл құрылыс нысаны бұрын әмбебап дүкен болған. Жоба құны – 111 миллион 330 мың теңге. Реконструкциялау жұмысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Мұқаш Ескендіров мердігерлерге нысанды уақтылы әрі сапалы атқарумен қатар, ауласын абаттандыру мәселесіне де назар аударудың қажеттілігін айтты.

М. Ескендіров Жетітөбе ауылдық округі тұрғындарының тұрмыс жағдайын ауыл әкімі Қайнарбек Беделбековтен сұрап білді. Аталған ауылдық округтің әкімі өз сөзінде округке қарасты 6 ауылдың тұрғындары негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысатынын айтып, жыл басынан мұнда «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.


Пилоттық жобаның төрт бағыты аясында 146 азамат 2,5 пайызбен 778 миллион теңге несие қаражатына қол жеткізген. Нәтижесінде ауыл азаматтары төрт түлік малдың басын көбейтуге және оны асылдандыруға күш салып жатыр.

Дегенмен, мал басы артқан сайын бұл ауылда тұрғындардың жайылым жерге деген сұраныстары мен наразылығы да көбейген. Осыған орай, тұрғындардың өтініштеріне сәйкес, ауылдық округ әкімі Қ. Беделбековтің бастамасымен кезінде жеке қолға өтіп кеткен мал жайылымына арналған жерлерді тұрғындардың ортақ иелігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр.

Халық қалаулысы өз сөзінде ауылда атқарылып жатқан жұмыстарды, оның ішінде тұрғындардың негізгі және маңызды проблемасының бірі болып келген мал жайылымы мәселесі туралы айтып, Парламент қабырғасында жайылымға қатысты арнайы заң қабылданып, жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтару арқылы ауыл тұрғындарының ортақ пайдалануына айналдыруға болатынын айтты. Жайылымды ешкімнің жеке меншігіне айналдыруға қақысы жоқ екенін жеткізді.

Мұнан соң Мұқаш Ескендіров республикалық мәндегі «Б.Момышұлы-Қошқарата» тас жолының 35-40 шақырым аумағындағы жөндеу жұмыстарымен танысып, қалған бөлігінің жөндеу жұмыстарын жалғастыру үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлдіруге ықпал ететінін айтты.


Мәжіліс депутаты өңірге жасаған жұмыс сапарының барысында сондай-ақ, аудан орталығынан шалғайда орналасқан Қошқарата ауылдық округіне де арнайы барып, тұрғындардың тұрмысымен танысты. Округке қарасты Қызтоған ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қойылып жатқан кешенді блок модулін, сондай-ақ, Қошқарата ауылына газ жүргізу жұмысын да барып көрді.


Жұмыс сапарының соңында депутат аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында салынып жатқан 18 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысып, ауылдық округ әкімдерімен кездесіп, пікір алмасты.

«Сіздердің ең басты міндеттеріңіз – жергілікті халыққа адал қызмет ету. Халыққа жақын жүріп, тұрғындармен тығыз байланыста болу арқылы өңірде қордаланған мәселелерді оңай шешуге болады. Ауылды өркендетуге және дамытуға қатысты бастамаларды ең біріншіден ауыл әкімдері көтерулері тиіс.

Барлығымыз халықтың арасынан шықтық, енді халыққа, ауылдың дамуына еңбегімізді сіңірейік. Сондықтан ауылды өркендету жолында біз сіздерге көмекші болуға дайынбыз. Ауыл – барлығымызға аманат. Ауылды бірге өркендетейік», - деді ол кездесуде.

Бұған дейін Сенат депутаты Жамбыл облысындағы бірнеше күрделі құрылысқа қаржы бөлінуіне ықпал ететінін жазған болатынбыз.