Мәжілісмендер Алматыда бірқатар кездесулер өткізді
Құрылғанына жарты ғасыр болған «Алматы көпір құрылысы» зауыты - қазіргі таңда Қазақстан бойынша 80 пайыз заманауи үлгідегі көпір тіреуіштерін жасайтын жалғыз кәсіпорын. Өткен жылы кәсіпорын ел қазынасына салық есебінен 600 млн. теңге құйған. Зауыт еліміз үшін маңызды «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тас жолының құрылысына да сүбелі үлес қосуда. Жұмысшылардың 70 пайызы, яғни 590 адам әйелдер құрайды.
Кездесу барысында кәсіпорын жұмысшылары депутаттарға өздерін толғандыратын мәселелер төңірегінде сауалдар қойып, нақты жауап алды. Ал депутаттар өз кезегінде заң шығармашылығы қызметінің нәтижелерімен таныстырды.
Сонымен бірге ҚР Мәжіліс депутаты Гүлмира Исімбаева Медеу ауданының «Думан» ықшам ауданындағы №166 балабақшасында кездесу өткізді. Іс-шараға аудан әкімінің орынбсары Б.Мұстафин, «Нұр Отан» ХДП Медеу аудандық филиалының бірінші төрағасы Д. Айнақұлова, №166 балабақшасының меңгерушісі Р. Ималова және аудандық мектепке дейінгі білім мекемелерінің басшылары, ата-аналары қатысты. Шара барысында Г.И. Исімбаева балабақшаның тыныс-тіршілігімен танысып, ұжымымен және ата-аналармен сұхбат жүргізді.