Мәжілісмендер вакцина сапасына мән беруді сұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары Үкіметтен вакцина сапасына мән беруді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанда вакциналау 21 жұқпалы ауруларға қарсы тегін жүргізіледі. Алдын ала екпелермен жыл сайын 5 миллион адам қамтылады, оның 1,2 миллионы балалар. Жыл сайын республикалық бюджеттен халықты вакциналау үшін қаржы бөлінеді. Егер 2016 жылы 24 млрд. теңге бөлінсе, 2017 жылға 30 млрд.-тан астам теңге жоспарланған. Алайда, соңғы 10 жылда екпеден бас тартқан адамдардың саны бір мыңнан 2016 жылы 8239-ға дейін жетті. Бас тартудың негізгі себептеріне тоқталсақ, жеке себеп бойынша 44,7 (3686 адам) пайызды, вакцинаға сенбеу - 7,8 пайызды (646), сондай-ақ интернет ресурстар мен БАҚ арқылы жағымсыз ақпарат салдарынан 6,2 пайызды (511) құрады»,- деді депутат Зағипа Бәлиева ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына жолданған депутаттық сауалда.

Осы орайда Мәжілістің бір топ депутаттары ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл З. Бәлиеваның бастамасымен Үкіметтен вакцинаның сапасына аса көңіл бөлуді сұрады.

«ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы қаулысымен бекітілген Емдік дәрі-дәрмектердің алдын алу препараттарын, медициналық қажетті өнімдерді, медициналық техникаларды, фармацевтикалық қызметтерді сатып алу ережелеріне сәйкес, бірыңғай дистрибьютер конкурстық негізде екпелерді сатып алу рәсімін жүргізеді. Мұндай жағдайда сапасы төмен вакциналарды алу қаупі бар. Денсаулық сақтаудың бүкіләлемдік ұйымы, ЮНИСЕФ ұсынған сертификатталған өндіруші зауыттардан тікелей ең үздік вакциналарды сатып алу қажет. Мұнымен қоса, балалардың денсаулық жағдайын ескере отырып, екпені жасау қажет», - деп тоқталды депутат.

Оның пайымынша, осыған байланысты екпені егу үшін препараттарды сатып алу ережелеріне вакцинаның ең үздігін алу бөлігінде өзгерістер енгізу қажет.