Мәжілісте 2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының таныстырылымы өтті

None
ыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы болып өтті. Жиынға Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова жетекшілік етті.

Алдағы үшжылдық кезеңге арналған республикалық бюджет жобасы 2011-2015 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштердің базалық болжамы негізінде қалыптастырылған.

«2011 жылы республикалық бюджет түсімінің жалпы көлемі 4 трлн. 49 млрд. теңге шамасында болжанып отыр. Бұл 2010 жылдың нақтыланған жоспарымен салыстырғанда, 671,1 млрд. теңгеге немесе 20 пайызға көп. Сонымен қатар, 2012 жылғы түсімдер - 4 трлн. 374 млрд. теңге, ал 2013 жылға 4 трлн. 779 млрд. теңгені құрайтыны болжанады. Ал бюджет шығыстарына келетін болсақ, 2011 жылы бұл көрсеткіш ағымдағы жылғы жоспарға қарағанда 11,2 пайызға өсіп 4 трлн. 651,9 млрд. теңге көлемінде жоспарланып отыр. Осындай шығыс 2012 жылға - 4 трлн. 956 млрд. теңге, 2013 жылға - 5 трлн. 162 млрд. теңге шамасында есептелген. Бюджет тапшылығы 2011 жылы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,8 пайыз деңгейінде анықталып, 603 млрд. теңгені құрайтыны нақтыланған. Бұл көрсеткіш 2012 жылы - 582 млрд. теңгені, 2013 жылы - 382 млрд. теңгені құрайтын болады», деді заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Қаржы министрі Болат Жәмішев.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Мәжлістің жалпы отырысында «2011-2013 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына қорытынды әзірлеу қарашаның 9-ына дейінгі аралық деп белгіленген болатын.