Мәжілісте адвокатураның тәуелсіздігі мәселелеріне арналған жиын өтуде

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Білікті заң көмегіне құқық және адвокатураның тәуелсіздігі» атты дөңгелек үстел өтуде. Жиынды Мәжілтің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Қазақстан адвокаттары одағымен, Сорос-Қазақстан қорымен, Астанадағы ЕҚЫҰ орталығымен және Құқықтық саясатты зерттеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Талқылау форматында өткен «дөңгелек үстел» барысында мемлекет пен адвокатура институтының өзара байланысы, азаматтардың құқын қорғаудағы адвокатураның рөлін арттыру мәселелері жайында әңгіме өрбіді. Сонымен қатар, Қазақстанның құқықтық саясаты тұжырымдамасындағы аталған салалар бойынша проблемалардың шешілу жолдарына ден қойылып, адвокатура тәуелсіздігі мәселесінің заңнамалық жетілдіру жолдарына назар аударылды.

Бұдан бөлек, шара аясындағы сессиялар барысында соңғы заңнамалық бастамалар аясындағы адвокатураның тәуелсіздігі, мемлекеттік бюджет есебінен төленетін құқықтық көмек жүйесін жетілдіру мәселелері қозғалды. Қазақстандық құқықтық саясат реформасындағы халықаралық стандарттардың көрінісі туралы шетелдік сарапшылардың пікірлері тыңдалды. «Қазақстан Үкіметі ЕҚЫҰ-ның адами өлшемдеріне қатысты міндеттемелерді ұстануға көңіл бөледі. Бұл ретте халықаралық қауымдастық Қазақстандағы құқықтық саясат бағытындағы реформаның мәнісін анық түсініп отыр әрі ондай мақсатты шараларды толық қолдайтын болады», деді жиын барысында сөз сөйлеген Канада Саскачеван университетінің профессоры Памела Джордан.

Дөңгелек үстел барысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне адвокатура мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында қамтылған жаңалықтар да талқыға түсті.